Дұрыс таңдау жасауға шақыру

Өмір адамға таңдау жасайтындай көптеген жағдайлар туғызады. Шын мәнінде, таңдаулар әр күні жасалады. Кейбір таңдаулар аз ғана ойлап жасалады.  Басқа жағдайда таңдау жасау үшін көп толғанып, қарастыру қажет болады. Маңызды деп есептелетіндері көбірек сақтықпен жасалады. Осыдан мынадай сұрақ туындайды: «сіз не нәрсені маңызды деп есептейсіз?»

Құдай адамды жаратқанда, оған таңдау жасау артықшылығын сыйлады. Біз бұл жауапкершіліктен және оның нәтижесінен қашып кете алмаймыз, өйткені олардың көпшілігінің мәңгілік салдары болады.

Кейбір киелі кітаптық кейіпкерлердің жасаған таңдауларына қарап көрейік. Бір шешімдер жақсы болса, басқалары айтарлықтай жақсы емес. Құдайдың адамы Мұсаның таңдауы «күнәкар өмірдің өткінші рақатынан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірлену» болды. (Еврейл. хат 11:25) Ол осы өмірден кейінгі келетін жүлдеге назар аударды. Мәсіхші сенушілердің ортасында болуды таңдау шын мәнінде ақылды таңдау.

Әлемді топан су жайламас бұрын, «өздерін Құдайдың ұлдарымыз деп есептейтін билеушілер адамдардың қыздарының сұлу, бойшаң екенін көріп, таңдап алғандарына үйлене беретін.» (Жаратылыстың баст. 6:2) Олар ақыр соңында өздерін жойып жіберетін тәни таңдау жасады.

«Сонымен Лут өзіне шығыста орналасқан бүкіл Иордан алқабын таңдап алып, ... Содомға жақын жерде шатыр тігіп, қоныстанды.» (Жаратылыстың баст. 13:11-12) Ол жақтың жері құнарлы болып, Лот материалдық жағынан жарылқанды, алайда ол осының барлығынан Содом құртылған кезде айырылып қалды.

Жүсіп, жас жігіт бола тұра, ой санасында таза болуды және адал болуды таңдады, нәтижесінде Мысыр патшалығының ең жоғарғы мәртебесіне ие болды. (Жаратылыстың баст. 41:41)

Құдайдың қызметкері Ешуа, Исраиль халқына мынадай үндеу тастады: «Кімге қызмет ететіндеріңді таңдап алыңдар.» (Ешуа 24:15) Содан кейін былай деп қосты: «Ал менің өзім және отбасым — біз Жаратқан Иеге қызмет ететін боламыз.»

Адамдар оған жауап беріп: «Біз Жаратқан Иеге қызмет етеміз» - деді. Олар Құдайды қастерлеп Оған адалдықпен қызмет еткенде, өмірлері өркендей бастады.

Илияс пайғамбардың заманында, адамдар Құдайдың өздері үшін жасаған керемет істерін ұмытқан болатын, және көпшілігі жалған тәңірге (Бағал) табынып кетті. Бұлары Құдайға еш ұнамады. Ол осы шешуші сәтте Өзінің шексіз құдіретін ең әсерлі жолмен көрсетуге Илиясты  қолданды. Кармил тауында Илияс аспаннан өзі дайындап қойған құрбандықты жалмап  қойған отты шақырды, осы арқылы шынайы Құдайдың бар екендігі дәлелденді.  Ол адамдардан былай деп сұрады: «Қашанға екі пікірдің арасында қалмақсыңдар Құдайларың Жаратқан Ие болса Оның соңынан еріңдер, егер Бағал болса, онда соның соңынан еріңдер!» Тұрған халық аспаннан түскен отты көргенде етпеттерінен жерге жығыла кетіп:

«Жаратқан Ие — Құдай! Жаратқан Ие — Құдай!» — деп айқайлай берді.

(Патшалықт. 3-ж. 18)

Даниял, Бабыл жеріндегі жас тұтқын, жүрегінде патшаның тамағы мен шарабын ішіп-жеп өзімді арамдамаймын деген берік шешім қабылдаған болатын. (Даниял 1:8) Нәтижесі ретінде ол және қасындағы жолдастары, өзі сияқты игі шешім қабылдағандықтан, Құдайдың және патшаның ықыласына ие болды. Олар осындай шешім қабылдамағанда, Даниялдың арыстандар апанында болғаны жайында және осы үш адамның лаулап жанып тұрған пеште болғаны жайлы киелі кітапта жазылмас еді.

Иса бізге екі баласы бар әке жайында астарлы әңгіме айтып қалдырған. Біреуі өзінің мұрасын жинап алып алыс мемлекетке (күнәға) кетуді таңдайды. Ол өзінде бардың барлығын ысырап қылғаннан кейін, ол өзінің үлкен қателік жасағанын түсінеді. Ол кішірейіп әкесінің үйіне қайтуға шешім қабылдайды. Бұл қандай жарылқанған тамаша татуласу болмақ. (Лұқа 15:11-32)

Тәңіріміз Иса тұтқындалып Пилаттың алдына әкелінді. Еврейлер былай деп дауыстады: «Егер Оны босатып жіберсеңіз, Рим патшасының досы емессіз!» Пилат осы жағдай жайында Оның алдында сарапқа салды. Ол Рим патшасы жайында (осы әлем) және өзінің алдында тұрған ұлылықтың Тәңірі жайында жан-жақты қарастырды. Ол өзінің таңдауын жасады, және Исаны айқыш ағашқа шегелетуге жөнелтті. (Жохан 19)

Осы әлемді оның рақатымен таңдаудың соңы құлдыраумен аяқталады. (Петірдің 2-хаты 3:10-11) Осы әлемнің бағытымен жүрудің орнына Құдайдың адамдарымен тағдырыңызды байланыстыруды шешу – бұл жақсы және ақылды таңдау. Мәсіхті өзіміздің жолдасымыз ретінде таңдау бізді өміріміздегі барлық қабылдайтын шешімдерімізде жетелейтін дана кеңесшінің қатысуына алып келеді.

Құрметті оқырман дос, сіз Исаның соңынан еремін деген шешім қабылдадыңыз ба? Ол сіздің өміріңіздегі барлығынан жаныңызға жақынырақ па? Оның жолдарын өзіңіздің жолыңыз деп таңдадыңыз ба? Өміріңізді Оған бағыштап, және күнәларыңызды мойындап олардан бас тарттыңыз ба? Оның Сөзі сіз үшін басқа да кез-келген кітаптардан қымбатырақ па? Сіз өз бөлмеңізде, үйіңізде, немесе басқа бір жерде, құпия жерде толғанып мінәжат етіп Құдайыңызбен тілдесуді таңдадыңыз ба? Егер сіз Оған және Ол сізге тиесілі болса, сіз ең жарылқанған күйді басыңыздан кешіресіз. Бұл аспанның бөлігін сезінумен бірдей, және әр күні дұрыс таңдау жасау бізді сарқылмас шаттыққа жетелейді.